МТҚБ-ның ведомстволық бағынысты кәсіпорындарында тәлімгерлік институты табысты жұмысын жалғастыруда. Әрбір жаңадан қабылданған қызметкерге бейімделу кезеңінде кәсіби және ұйымдастырушылық қолдау көрсететін, ұжымға тезірек бейімделуіне және корпоративтік құндылықтармен танысуына ықпал ететін тәлімгер бекітіледі. Корпоративтік мәдениетті нығайтуға және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Осылайша, а.ж. бірінші жартыжылдығында МТҚБ-ның барлық ведомстволық бағынысты кәсіпорындар арасында жас мамандарды қабылдау көрсеткіші бойынша Автошаруашылықта ең жоғары нәтиже (жаңадан қабылданғандардың жалпы санының 74%) тіркелді. Аталған жұмыскерлерге тәжірибелі тәлімгерлер бекітілді. Бұл тәжірибе жаңа жұмыскерлердің тез бейімделуіне, кәсіби білімнің тиімді берілуіне және жұмыс үдерісіне сәтті кірігуіне ықпал етеді.
Әкімшілік ғимараттары дирекциясында жаңадан қабылданған қызметкерлердің 36 %-ы тәлімгерлік жүйесімен қамтылды. Кәсіпорында тәлімгерлік жұмыс жоспарын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын түсіндіру, қаржылық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және өзге де өзекті мәселелер бойынша кездесулер ұйымдастырылды.
Инженерлік орталықта есепті кезеңде 1-санатты тәлімгерлер «миға шабуыл» форматы арқылы қызметкерлерге арналған тренинг өткізді. Іс-шара барысында қатысушылар мидың әлеуеті, командалық ойлау қағидаттары туралы талқылап, қалыптасқан жұмыс үдерістеріне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Бастамаларды қолдау, қызметкерлердің ортақ іске қатыстылық сезімін және жұмыс нәтижелері үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында «Идеялар банкі» ақпараттық жүйесі арқылы үздік цифрлық идеяға байқау жарияланды. Конкурс нәтижелерін ағымдағы жылдың 4 тоқсанында шығару жоспарлануда.
Парламентаризм институтында есепті кезеңде бас тәлімгердің ұжыммен кездесуі ұйымдастырылды. Сонымен қатар кибергигиена, корпоративтік әдеп, ақпараттық қауіпсіздік және тиімді жұмыс жүргізуге қажетті басқа да бағыттар бойынша тұрақты түрде оқыту іс-шаралары өткізілді.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорындардағы тәлімгерлік институтының жұмысы өзінің тиімділігін көрсетті. Ол жаңа қызметкерлердің кәсіби бейімделуіне, корпоративтік мәдениетті дамытуға, қызметкерлердің құзыреттілік деңгейін арттыруға және ұжымдардың ауызбіршілігін нығайтуға ықпал етуде.