МТҚБ-ның цифрлық трансформация және ішкі процестердің тиімділігін арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерін іске асыру аясында білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылдың бірыңғай, ашық әрі басқарылатын экожүйесін қалыптастыруға бағытталған заманауи технологиялық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – Student’s Book цифрлық сервисі болып табылады. Бұл студенттердің тәжірибеден өтуін ұйымдастыру мен сүйемелдеудің сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз ететін кешенді платформа.
Student’s Book цифрлық сервисі өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өту процесін жеңілдетуге және цифрландыруға арналған. Сервисті енгізу өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өту процесін жүйелеуге және стандарттауға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, сондай-ақ өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берді. Платформа студенттер, білім беру ұйымдары және қабылдаушы тараптар арасындағы өзара іс-қимылдың ашық цифрлық ортасын қалыптастырып, коммуникацияның жеделдігін, мәртебелерді бақылауды және процесті жалпы басқару тиімділігін қамтамасыз етеді.
Сервис студенттерге тіркелуге, жеке кабинет ашуға, ұйымды таңдауға және практикадан өтуге өтінімді электрондық форматта беруге мүмкіндік береді. Өтінімді қараудың барлық кезеңдері онлайн режимде көрсетіледі, бұл жеке жүгіну мен қағаз құжат айналымының қажеттілігін болдырмайды.
Ұйымдар үшін Student’s Book өтінімдерді қабылдау және өңдеу, кандидаттарды іріктеу және есептілікті қалыптастыру бойынша қолайлы құрал ұсынады. Жоғары оқу орындары студенттер мен практика базалары арасындағы өзара іс-қимылды неғұрлым басқарылатын әрі ашық форматта ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі уақытта сервис Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы ведомстволық бағынысты ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау үшін қолданылады. Платформа арқылы студенттер практикадан өтуге өтінім бере алады. Бүгінгі күні платформаға 22 ұйым қосылған.
Өтінім беру ақпараттық технологиялар, инженерлік-техникалық мамандықтар, экономика және қаржы, құқықтану, гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ басқару және әкімшілік қызмет бағыттары бойынша қолжетімді. Тәжірибеден өтуге өтінімді сервистің studbook.umto.kz ресми сайты арқылы беруге болады.