Басты бетШЖҚ-дағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының «Парламентаризм институты» РМК Жарғысы

ШЖҚ-дағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының «Парламентаризм институты» РМК Жарғысы

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының «Парламентаризм институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.

2. Кәсіпорын «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының Парламентаризм институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 859 қаулысына сәйкес құрылды.

3. Кәсіпорынның құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.

4. Кәсіпорынның мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығының субъектісі құқығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.

5. Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын орган Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы (бұдан әрі - тиісті саланың уәкілетті органы) болып табылады.

6. Кәсіпорынның атауы:

мемлекеттік тілде:

толық - Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының «Парламентаризм институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

қысқа - МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ-дағы РМК;

орыс тілінде:

толық - Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Институт парламентаризма» Управления материально-технического обеспечения;

қысқа - РГП на ПХВ «Институт парламентаризма» УМТО.

7.Кәсіпорынның орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8.

 

 

2-тарау. Кәсіпорынның заңдық мәртебесі

 

8. Кәсіпорынның заңнамаға сәйкес дербес теңгерімі, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және Кәсіпорынның атауы бар бланкілері, мөрі болады.

9. Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаларды құра алмайды, сондай-ақ басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

10. Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер құра алады.

Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бөлімшелер мен өкілеттіктерді құра алады.

11.Кәсіпорын жасайтын және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес міндетті түрде мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын азаматтық-құқықтық мәмілелер, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, тіркелген сәттен бастап жасалынған деп есептеледі.

 

 

3-тарау. Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсаттары

 

12.Кәсіпорын қызметінің мәні заңнаманың тиімділігін талдауды (нормативтік құқықтық актілерді талдау) қамтамасыз ету арқылы Қазақстан Республикасында парламентаризмді дамыту және оның тиімділігін арттыру, Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу болып табылады.

13. Кәсіпорын қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасы Парламенті қызметінің тиімділігін күшейту болып табылады.

14. Кәсіпорын қойылған мақсатты іске асыру үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

1) қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу қажеттілігінің ғылыми негіздемесін, жаңа нормаларды енгізуді, заң жобасының тұжырымдамасы мен мәтінін әзірлеуді қоса алғанда, депутаттардың заңнамалық бастама құқығын іске асыруына жәрдемдесу, егер заң жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржылық-экономикалық есеп айырысуларды жүргізу, заң қолданылуының ықтимал экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдарын әзірлеу, статистикалық деректер болған жағдайда оларды келтіру, сондай-ақ заң жобасын Мәжіліске енгізу үшін заңнамада талап етілетін басқа да материалдарды дайындау;

2) мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару институттары дамуының құқықтық проблемаларын зерттеу;

3) мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың құқықтық тәсілдерін зерделеу;

4) экономикалық және әлеуметтік өрістердегі қатынастарды заңнамалық реттеуді дамыту бағыттарын айқындау;

5)мемлекеттік және қоғамдық өмір өрістерін заңнамалық реттеуді, заңдарды іске асыру тетігін және құқықтық мониторингті оңтайландыру бойынша ұсыныстарды талдау және дайындау;

6) қолданыстағы заңнаманың, оның ішінде депутаттардың ел өңірлері бойынша сапарларының қорытындылары бойынша алынған ақпарат бойынша тиімділігін талдау;

7) қоғам қызметінің салалары мен өрістері бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін қоғамда әлеуметтік және сараптамалық сауалдар жүргізу;

8) елде парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуын, оның даму перспективаларын зерделеу;

9) Қазақстан Республикасындағы заң шығару процесін және оған қатысушы субъектілердің қызметін осы процесті ұйымдастырудағы проблемалар мен олқылықтарды анықтау және заң шығару жұмысын жетілдіру жөнінде ғылыми негізделген ұсынымдарды әзірлеу мақсатында зерделеу;

10) Қазақстан Республикасының Парламентінде қызметтің оң нысандары мен әдістерін анықтау және енгізу мақсатында дамыған шет елдер парламенттері қызметінің тәжірибесін зерделеу;

11) ұлттық заңнаманың Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкестігін зерделеу;

12) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін басқа мемлекеттермен салыстырма-құқықтық зерттеуді жүзеге асыру;

13) отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен, ғалымдармен және мамандармен ғылыми байланыстарды, ақпарат алмасуды және бірлескен әзірлемелерді, конференциялар мен кеңестерді жүзеге асыру.

15. Кәсіпорын осы Жарғыда бекітілген оның қызметінің мәні мен мақсатына сай емес қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелерді жасауға құқылы емес.

16. Кәсіпорынның Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не басшының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

 

 

4-тарау. Кәсіпорынды басқару

 

17. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Кәсіпорынның құрылтайшысы болады;

2) Қазақстан Республикасының атынан Кәсіпорынға қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;

3) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсаттарын, сондай-ақ осы қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорын түрін айқындайды және Кәсіпорынның Жарғысын, оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

4) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынға берілген немесе ол өз шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;

5) Кәсіпорын мүлкінің нысаналы және тиімді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

6) Кәсіпорынның мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған, артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған сәттен бастап алты ай өткен соң тиісті саланың уәкілетті органымен келіспей алып қоюды жүзеге асырады;

7) Кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және оны кейіннен теңгерімнен шығара отырып, өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;

8) тиісті саланың уәкілетті органына Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді;

9) Кәсіпорынға бекітілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға келісім береді;

10) Кәсіпорынға бекітілген мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізеді;

11) Кәсіпорынның жұмыс істеуі мен оны басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында оның құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.

18. Тиісті саланың уәкілетті органы:

1) Кәсіпорын қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстардың (көрсететін қызметтердің) міндетті көлемдерін айқындайды;

2) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорынның түрін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

3) Кәсіпорынның даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерді қарайды, келіседі және бекітеді;

4) Кәсіпорын мүлкінің сақталуын және Кәсіпорынның даму жоспарларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

5) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорынға берілген немесе ол өз шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісім береді;

6) Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асырады;

7) Кәсіпорынның жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;

8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

9) Кәсіпорынның таза кірістің белгіленген бөлігін республикалық бюджетке толық және уақтылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;

10) Кәсіпорын директорының ұсынымы бойынша оның орынбасарларын және бас бухгалтерді лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

11) жыл сайын Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін белгілейді;

12) Кәсіпорын директорының, оның орынбасарларының және бас бухгалтердің лауазымдық айлықақыларының мөлшерін, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесін белгілейді;

13) Кәсіпорын директорының ұсынымы бойынша Кәсіпорын филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға келісім береді;

14) Кәсіпорынның штаттық кестесін келіседі;

15) Қазақстан Республикасының заңнамасында оның құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.

19. Кәсіпорынның органы оның директоры болып табылады.

20. Тиісті саланың уәкілетті органы Кәсіпорынның директорымен еңбек қатынастарын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы рәсімдейді.

21. Кәсіпорынның директоры дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және Кәсіпорын қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.

22. Кәсіпорын директоры:

1) Кәсіпорынның атынан сенімхатсыз әрекет етеді және оның мүдделерін барлық органда білдіреді;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде Кәсіпорынның мүлкіне билік етеді;

3) шарттар жасасады және өзге де мәмiлелер жасайды;

4) сенімхаттар береді;

5) банктік шоттар ашады;

6) Кәсіпорынның барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

7) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Кәсіпорынның қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және олармен еңбек шарттарын бұзады, көтермелеу шараларын қолданады және егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда өзгеше көзделмесе, оларды жазаға тартады;

8) өзінің орынбасарларын және бас бухгалтерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату үшін тиісті саланың уәкілетті органына кандидатуралар ұсынады;

9) өзінің орынбасарлары мен Кәсіпорынның басқа да басшы қызметкерлерінің құзыретін белгілейді

10) мыналарға:

қаржы-шаруашылық қызметі және Кәсіпорын мүлкінің сақталуы;

Кәсіпорынның даму жоспарын іске асырудың нәтижелілігі және тиімділігі;

таза кірістің белгіленген бөлігі уақтылы бюджетке аударылмағаны үшін дербес жауаптылықта болады;

11) тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

12) Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктері туралы ережелерді бекітеді;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

 

5-тарау. Кәсіпорынның мүлкі

 

24. Кәсіпорынның мүлкін, құны оның теңгерімінде көрсетілетін Кәсіпорынның активтері құрайды..

25. Кәсіпорынның мүлкі бөлінбейтін болып табылады және салымдар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, пайлар) бойынша, оның ішінде Кәсіпорын қызметкерлерінің арасында бөлуге болмайды.

26. Кәсіпорынның мүлкі:

1) оған меншік иесі берген мүліктің;

2) өз қызметiнiң нәтижесінде сатып алынған мүлiктiң (ақшалай кірістерді қоса алғанда);

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат көздерінің есебінен қалыптастырылады.

27. Кәсіпорынның жүргізуінде тек оның жарғылық мақсаттарымен көзделген қызметін қамтамасыз ету үшін оған қажетті не осы қызметтің өнімі болып табылатын мүлкі болуы мүмкін.

28. Шаруашылық жүргізу құқығын алу және тоқтату, егер осы Жарғыда өзгеше көзделмесе немесе аталған заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншік құқығын және өзге де заттық құқықты алу мен тоқтату үшін көзделген шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.

29. Шаруашылық жүргізудегі мүлікті пайдаланудың жемістері, өнімі мен кірістері, сондай-ақ Кәсіпорын шарттар немесе өзге де негіздер бойынша алған мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында меншік құқығын алу үшін белгіленген тәртіппен Кәсіпорынның шаруашылық жүргізуіне түседі.

30. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе меншік иесінің шешімімен өзгеше белгіленбесе, мүлікке шаруашылық жүргізу құқығы, оған қатысты меншік иесі оны Кәсіпорынға бекіту туралы шешім қабылдаған, Кәсіпорында мүлікті өз теңгеріміне бекіткен сәтінде туындайды.

31. Кәсіпорынның негізгі құралдарға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттары негізінде иеліктен шығаруға құқығы жоқ.

32. Кәсіпорынның мүлкіне шаруашылық жүргізу құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабында меншік құқығын тоқтату үшін көзделген негіздер бойынша және тәртіппен, сондай-ақ «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 144-бабында көзделген жағдайларда тоқтатылады.

33. Кәсіпорын тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша келісімімен:

1) филиалдар, өкілдіктер құруға;

2) акционерлік қоғамдардың өзіне тиесілі акцияларына билік етуге;

3) үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілгерлік немесе кепілдік беруге құқылы.

34. Кәсіпорын тиісті саланың уәкілетті органының жазбаша келісімімен ғана дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға, қарыздар беруге құқылы.

35. Кәсіпорын өзіне шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген негізгі құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлікке дербес билік етеді.

36. Егер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі немесе меншік иесі (мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) өзгеше белгілемесе, осы Жарғының 33 және 35-тармақтарында көрсетiлген мүлiкпен жасалған мәмiлелерден алынған ақшаны Кәсіпорын дербес пайдаланады.

 

 

6-тарау. Кәсіпорын қызметін қаржыландыру

 

37.Кәсіпорынның қызметі өз кірісі және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен даму жоспарына сәйкес қаржыландырылады.

38. Кәсіпорын таза кірістің бір бөлігін республикалық бюджетке аударуды корпоративтік табыс салығы бойынша декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.

39. Кәсіпорын өзі өндіретін өнімді дербес өткізеді.

40.Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған, Жарғыда көзделмеген қызметтi жүзеге асырудан Кәсіпорын алған кірістер, сондай-ақ бюджеттен қаржыландыру есебінен құралған, өткізілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгіленген бағаларын көтеру нәтижесiнде алынған кірістер Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бюджетке алып қоюға жатады. Мүлікті бухгалтерлік есеп қағидалары бойынша тиісті түрде көрсетпей пайдалану фактілері анықталған жағдайда, ол да алып қоюға жатады.

 

 

7-тарау. Кәсіпорынның жарғылық капиталы

 

41. Кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшері 31 273 289 (отыз бір миллион екі жүз жетпіс үш мың екі жүз сексен тоғыз) теңге 27 тиынды құрайды.

Жарғылық капиталды меншік иесі (құрылтайшы) Кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуі сәтінде толық қалыптастыруы тиіс.

 

 

8-тарау. Кәсіпорынның есепке алуы мен есептілігі

 

42. Кәсіпорынның бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық есептілігін жасау Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына және тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес Кәсіпорынның директоры бекітетін есеп саясатына сәйкес жүзеге асырылады.

43. Кәсіпорынның жылдық қаржылық есептілігі бухгалтерлік теңгерімді, табыстар мен шығындар туралы есепті, ақшалай қаражат қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны қамтиды.

 

 

9-тарау. Кәсіпорынның жауапкершілігі

 

44. Кәсіпорын өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді және мемлекеттің мiндеттемелерi бойынша жауапкершілікте болмайды.

45. Мемлекет құрылтайшының, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе тиісті саланың уәкілетті органының iс-әрекеттерiнен туындаған банкроттық жағдайларды қоспағанда, Кәсіпорынның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Бұл жағдайларда мемлекет Кәсiпорынның қаражаты кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған кезде оның мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.

 

 

10-тарау.Кәсiпорын қызметкерлерiне еңбекақы төлеу

 

46. Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын тиісті саланың уәкілетті органы белгілейді.

47. Еңбекақы төлеу нысандарын, штат кестесiн, лауазымдық айлықақылар мөлшерiн, сыйлықақы беру және өзге сыйақы жүйесiн белгiленген еңбекақы төлеу қорының шегiнде Кәсiпорын дербес айқындайды.

48. Кәсiпорын директорының, оның орынбасарларының, бас бухгалтердiң лауазымдық айлықақыларының мөлшерiн, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн тиісті саланың уәкілетті органы белгілейді.

 

 

11-тарау. Еңбек ұжымымен өзара қатынас

 

49. Кәсіпорынның әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және ұжымдық шартқа сәйкес айқындалады.

50. Кәсіпорынның жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

 

 

12-тарау. Кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату

 

51. Кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізіледі.

52. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.

53. Таратылған Кәсіпорынның қалған мүлкін кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қайта бөледі.

54. Таратылған Кәсіпорынның қалған ақшасы, Кәсіпорынның мүлкін сату нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін республикалық бюджеттің кірісіне есептеледі.

 

 

13-тарау. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

 

55. Кәсіпорынның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның бұйрығымен енгізіледі.