МТҚТ ведомстволық бағынысты ұйымдарда студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл тәжірибе студенттердің практикалық дағдыларды меңгеруіне, кәсіби бейімделуіне және кәсіпорындардың қызметімен танысуына бағытталған.
Мәселен, «МТҚБ Автошаруашылығы» РМК-да 2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында түрлі оқу орындарының 23 студентіне тәжірибе ұйымдастырылды, оның 11-і тәжірибеден өтуді аяқтады. Студенттер жөндеу-техникалық бөлімде, цифрландыру және жобаларды басқару бөлімінде, экономикалық талдау және жоспарлау бөлімінде, сондай-ақ ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінде тәжірибеден өтуде. Әрбір тәжірибеден өтушіге жетекші бекітіліп, ол студенттерге тәжірибе барысында кәсіби дағдыларды игеруге қолдау көрсетеді. Тәжірибе барысында студенттер автокөліктерге техникалық қызмет көрсету саласында практикалық тәжірибе жинақтап, цифрландыру мен жобаларды басқару негіздерін меңгереді, жоспарлау және экономикалық талдау үдерістерімен, сондай-ақ кадрлық және ұйымдастырушылық іс жүргізу ерекшеліктерімен танысады.
«МТҚБ Инженерлік орталығы» РМК-да студенттердің тәжірибесін ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2026 жылдың басынан бері «Studentsbook» ақпараттық жүйесі арқылы тәжірибеден өтуге 126 өтінім келіп түсті, оның ішінде 32 өтінім қабылданды. Бүгінгі таңда кәсіпорында 13 студент тәжірибеден өтті.
«МТҚБ Әкімшілік ғимараттары дирекциясы» РМК-да 13 студент өндірістік үдерісті ұйымдастырумен, нысандарға техникалық қызмет көрсету жүйесімен, сондай-ақ ғимараттарды қауіпсіз әрі үздіксіз пайдалану талаптарымен танысты. Ерекше назар еңбек қауіпсіздігі, кәсіби жауапкершілік және қызметтік міндеттерді сапалы орындаудың маңыздылығына аударылды.
Сонымен қатар, тәжірибеден өтушілер үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ғимараты бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Экскурсия аясында студенттер негізгі жұмыс аймақтарын аралап, объектінің инженерлік инфрақұрылымымен танысты және бейінді қызметтердің жұмыс ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде көрді.
Парламентаризм институтында тәжірибеден өту ағымдағы жылдың маусым айында басталады.
Ведомстволық бағынысты кәсіпорындарда өндірістік тәжірибені өткізу студенттердің кәсіби дамуына ықпал етіп, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге және болашақ мамандардың заманауи кәсіби орта талаптарын түсінуіне мүмкіндік береді.