


Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасында МТҚБ басшысы Серік Бақтиярдың төрағалығымен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының басшылық құрамының қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндердің VIII съезіне дайындық және оны өткізу жөніндегі кеңес өтті.
14-18 қыркүйек аралығында Астанада Мемлекет басшысының басшылығымен Әлемдік және дәстүрлі діндердің VIII съезінің отырысы, жас діни лидерлердің II форумы, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIII отырысы өтеді.
Кеңес барысында Съездің құрметті қонақтары мен делегацияларын қарсы алу және шығарып салуды ұйымдастыруға байланысты дайындық мәселелері талқыланды. Қатысушылар қонақтардың, делегациялардың және олармен бірге жүретін адамдардың келу уақытын нақтылап, жиналу орындарының дайындығы мен транзиттік аймақтардың ыңғайлылығын, автокөлік және басқа да сүйемелдеу жұмыстарының егжей-тегжейін талқылады.
Сонымен қатар, кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің қатысушыларын қарсы алу және орналастыру орындарына дейін алып жүру үшін жауапты МТҚБ жүйесіне қарасты кәсіпорындар қызметкерлерінің тізімі келісілді.