
МТҚБ басшысының бұйрығымен Наталья Виссарионовна Пан «Парламентаризм институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметіне тағайындалды.
Бүгін, 17 маусым күні, МТҚБ басшысы Серік Бахтияр Институт ұжымына жаңа басшыны ресми түрде таныстырып, оның алдағы қызметіне сәттілік пен табысты еңбек тіледі.
Наталья Пан 1979 жылғы 26 ақпанда Қарағанды облысы, Абай қаласында дүниеге келген.
Ол үш жоғары білімге ие:
* Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, мамандығы – «Халықаралық құқық»;
* «Болашақ» Қарағанды заманауи білім беру институты, мамандығы – «Қаржы»;
* Колумбия университеті (АҚШ), мамандығы – «Мемлекеттік басқару».
Еңбек жолын 1999 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде бастаған. 2003 жылға дейін заңнаманы құқықтық сараптау, жүйелеу және құқықтық ағарту басқармасында бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Кейінгі жылдары мына лауазымдарда қызмет етті:
* Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің бас консультанты;
* Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары;
* Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары;
* Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары департаментінің директоры.
2017–2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі қызметін атқарған.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Әлеуметтік жобалар мен қоғамдық бастамалар орталығын басқарды.
Мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.