МТҚБ ресми іс-шаралар басқармасының басшысы Махамбет Сағитов мини-футболдан мемлекеттік қызметшілер спартакиадасының үздік шабуылшысы кубогының иегері атанды. Ал ол капитаны болған ПІБ командасы турнирде екінші жүлделі орынға ие болды.
Алдыңғы жарыстарда ПІБ футбол командасы үздік төрттікке ғана кіре алса, биылғы маусымда қарқынды күресте финалға шығып, Қаржы министрлігінің командасына «алтыннан» ұтылып қалды. ПІБ командасында МТҚБ – ның тағы бір өкілі - ресми іс-шаралар басқармасының бас маманы Сайын Қойшыбаев ойнады.
Мемлекеттік қызметшілердің дәстүрлі спартакиадасы биылғы жылы спорттың жеті түрінен: мини-футбол, волейбол, шахмат, армрестлинг, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және үстел теннисінен бақ сынасқан 24 мемлекеттік органның командаларын жинады.
Еске сала кетейік, мемлекеттік қызметшілерге арналған Спартакиаданы ҚР Спорт және туризм министрлігі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізеді.