МТҚБ Автошаруашылығы аумағында Астана қаласы өртке қарсы қызмет горнизонының күштері мен құралдарын тарта отырып, кешенді өртке қарсы жаттығулар өтті.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығу жоспары бойынша 501 кабинетте әкімшілік ғимараттың бесінші қабатында өрт болып, кәсіпорын қызметкері сыртқа шыға алмай қалып, терезеден көмек сұрады.
Кешенді оқу-жаттығулар автошаруашылық 78 қызметкерін және техниканы қауіпсіз аймаққа эвакуациялаудан басталды. Оқу-жаттығуға елорданың өртке қарсы қызмет гарнизонының 30 маманы арнайы техникамен қатысты: 3 өрт сөндіру автоцистернасы, автосаты, газ-түтіннен қорғау қызметінің автокөлігі және Апаттар медицинасы орталығының «жедел жәрдем».
«Өрт ошағын оқшаулау және ықтимал зардап шегушіні ғимараттан құтқару қысқа мерзімде жүргізілді. Оқу-жаттығу барысында біздің қызметкерлеріміздің, объектіні күзету қызметінің және өрт сөндірушілердің бірлескен іс - қимылдары пысықталды», - деді «МТҚБ Автошаруашылығы» РМК Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Қанат Қожахметов.